Полиция Қаңтарда оққа ұшқан Айкөркемнің бас сүйегін жоғалтып жіберген

Төрт жасар Айкөркем Мелдехан 7 қаңтар күні оқ тиіп қайтыс болған


03/11/2022
11:24 5019 0

Айдос Мелдеханның сөзінше, қызы Айкөркемнің бас сүйегі тергеу кезінде жоғалып кеткен. Бас сүйекті беруді талап еткенде тергеушілер «қызыңызға эксгумация жасаймыз» деп қорқытып, сол күйі сүйекті бермеген. 

 

– Оқ тигенде Айкөркемнің бас сүйегі машинаның ішіне шашылып қалған. Бостандық аудандық полиция басқармасының адамдары машинаны тексеріп, ішіндегі оқтарды алып, тәркілеген. Сол кезде алған бас сүйек жоғалып кетті. Мен оны тауып беруді талап еттім. Олар маған: «Аға, неменеге талап етіп жатырсыз, ертең өзіңіз бәлеге қаласыз, эксгумация жасайды ғой» деді. Іске тіркелген суреттерде бас сүйек тұр. Былай жоқ. Қайда ол? «Жоғалтып қойды, қазір таппаймыз» дейді. Енді сол жоғалтқан адамды жазалау керек қой. Оған да ішімізден тынып, не істерімізді білмей жүрміз, – дейді ол. 

 

Айдос Мелдехан Айкөркеммен бір көлікте болған үлкен қызы Жанельдің де денсаулығы нашарлағанын айтады. Оның сөзінше, қызының бір жақ денесі кішірейіп, солып бара жатыр. 

 

– Қызым Жанель тамыз айында Түркияға барып ота жасатып келді. Денесінде қалған оқтың қалдықтарын алдыртты. Оқтарды әскери тергеу басқармасына сараптама жасату үшін өткіздік. Қазір қызымның денесінде деформация пайда болды. Бір жағы кішірейіп, солып жатыр. Осы мәселемен қалалық прокуратураға барып, Ауғанбаевқа кірдім. Қалалық денсаулық сақтау басқармасынан адамдар келіп, қағаздар жазды. Хабарласамыз деп шығарып салды. Бір айдан астам уақыт өтті, ешқандай хабар жоқ. Баланың денесі күннен күнге солып, қисайып бара жатыр, – дейді Мелдехан. 

 

Оның сөзінше, қызына жеті оқ тиген. Осы уақытқа дейін төрт рет ота жасалған.

 

– Жеті оқ тиген. Екі оқ тесіп өтіп кеткен. Денесінен бес оқ алды. БСНП-да екі, Бағанашылды бір, Түркияда бір ота жасалды. Жалпы, алғанда төрт ота болды. Қазір қызым 11 сыныпта оқиды. Мектепке күнде өзіміз апарып-алып келеміз. Жалғыз өзін жіберуге қорқамын. Себебі маған ҰҚК мен полиция тарапынан қоқан-лоқы болды, – дейді ол. 

 

Қазіргі уақытта Айкөркем, Жанель, Бауыржан мінген автокөлікке оқтың қандай қарудан атылғаны анықталған. Бірақ  автоматтар тіркеліп, жазылған журнал жоғалып кеткен. Айдос Мелдехан әскерилер журналды әдейі жойып жіберді деп есептейді. 

 

– Қандай автоматтан оқ атылғаны анықталды. Бірақ қару тіркелетін журнал жоғалып кеткен. Мен ол өздігінен жоғалып кетті деп ойламаймын. Ол мүмкін емес. Журналды әдейі жоқ қылып жіберді. Автоматты қабылдаған кезде нөмірі мен алған адамның аты-жөні жазылады. Естуімше, командир берілген 90 автоматтың барлығына қол қойып шыққан. Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында (автокөлікке оқ атылған жер – ред) тұрған төрт сарбаздың кімдер екенін таптық дейді. Бірақ нақты аты-жөндерін, кімдер екенін бізге айтпайды. Істі әскери прокуратураға жібереміз, солар шешім қабылдайды деп отыр, – дейді Мелдехан. 

 

Айдос Мелдеханның әскердегі үлкен ұлы Бауыржанға да қысым жасалған. Осыдан кейін оны Алматы қаласына ауыстырып алуға мәжбүр болған.

 

– Балам Отарға әскерге барған күннен бастап сол жердегі сержанттар қысым көрсете бастаған. Алматыдан барған балалардың барлығын шығарып, менің ұлымды көрсетіп «из за него будете страдать все» деген. Киімдері мен заттарын тарып алып, бермей қойған. Осыдан кейін қалаға ауыстырып алдық. Қазір барлығы тыныш. Ешқандай қысым жоқ. 61/993 әскери бөлімінде борышын өтеп жатыр, – дейді Мелдехан. 

Поделиться

Нет комментариев.

03/11/2022 11:24
5019 0

Уведомление